Баққожа Мұқайдың бірнеше шығармасының сахна төрінде өз көрермендерін тауып жүргенін бәріміз білеміз. Әрине, ойы орамды, шығармашылығы сұңғақ автордың аталған туындысын қай қырынан қарап бағаласаң да үлкен ойға жүк болары анық. Мұнда қазақтың жомарттығы жанына жарасқан бір отбасының тірлігі сөз болады. Қолы ашық, пейілі дархан отағасы тастанды бала, зәбір шеккен ана, жүрегі жаралы әйел, тағы басқа тірліктің теперішін көріп жүрген адамдарға көмектесуді әдетіне айналдырған. Бұл сол отағасының бойынан көрініс тапқан қазақ халқына ғана тән ұлттық қасиет еді. Алайда, бүгінгі мынау алмағайып заман сол кеңпейіл жандардың да санасын лайлай бастағаны анық. Жомарт көңілдің көмескідегі жауы – байлықтың аздыруымен, әзәзіл болып шыға келетін дүниеқоңыздық екенін автор ашына жазады. Бірақ, заман қалай құбылса да, адам қалай өзгерсе де өмірде бірғана өзгермейтін шындық бар. Ол “Арым жанымның садағасы” дейтін қазақ деген халықтың “Арды” заңнан да биік санайтын философиялық қағиданы анықтап береді. Жарасымды отбасы мен терең сүйіспеншілікте біздің азаматтар мен аруларға тән екенін санаға сыналап сіңірумен де құнды.

Авторы – Баққожа Мұқай
Қоюшы режиссеры – Мұрат Ахманов, ҚР еңбек сіңірген артисі
Қоюшы суретші – Қамза Қайырбаев, ҚР Мәдениет қайраткері
Музыкамен көркемдеген – Ә. Тінәлі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері
Қалай айтсақ та, қойылым сахнаға тіленіп тұр. Сондықтан да көрермендердің көңілінен шықты. Күліп отырып ұялған, жылап отырып ойланғандар көп болды. Оған қоюшы режиссер Мұрат Ахманов пен қоюшы суретші Қамза Қайырбаевтың көп тер төккені анық. Енді бір жағынан спектакльдегі ролдерді бірінен бірін бөліп немесе бас, қосымша кейіпкер деп ажыратып жатудың керегі жоқ, барлығының өмірде өз орны бар. Бірақ актерлердің шеберлігіне тәнті боласың. Ақ көңіл Заңғар ролін Жеңіс Жолдыбаев, аяулы жар Назгүлді Хазима Нұғыманова сұмдады. Сандуғаш Нұғыманова – Гүлназ, Мұратжан Махмұтұлы – Қамбар, Әлихан Ыдырышева – Гүлшара әжей, Нұрлан Әлбосынов – Шорабай ақсақал болып шыға келді. Қара сомқесін қысып ұстап келе жататын Қали ролінде Абай Нұғыманов, қателігін кейіндеп таныған келіншекті Роза Қапешева әдемі орындап шықты. Міне, осы актерлар еңбегі қазақ ұлтына тән асқан жомарттықтың бүгінгі таңдағы күрделі қайшылықтарға үйлесе бермейтін аңқаулық жағын ашып береді. Бұл ролдерді әлі талай актерлер қайталайтын шығар, десе де, бүгінгі қойылым өз құндылығымен көрерменнің көңілінде қалғаны анық.
Біздің халқымыздың сан ғасырлық алапаттан аман-есен өтіп, бүгінгі еңселі ел болып отыруының бірі, халқымыздың ұлттық өнерін қастер тұтқандығы. Театрдың қоюшы режиссері Мұрат Ахмановтың сөзіне сүйенсек, қазір қазақ жастарының өнерге деген қызығушылығы артып келеді. Оған себеп, соңғы жылдары театр ұжымы бірнеше тың дүниені сахналаған. Алдағы жоспарлары да аз емес, десе де, театр сахнасына керегі “Тойы көп үй” сияқты ойы мен орамы жарасқан көркем шығарма. Біздің қоғамға керегі де осы.
Қажет АНДАС
Дереккөз: “Жетісу” газеті, №20, беәсенбі, 24 ақпан 2009 жыл.











