Бір жолы әкем маған су жаңа әскери бас киім әкеліп берді. Ол кезде бала біткен әскер болсақ деп армандайтынбыз. Төңкерістік фильмдерді көп көргеннен кейін бе? Ауыл балалары «Жау жақ, біз жақ» деп бөлініп алып, ағаштан мылтық, қылыш жасап, ойын ойнаудан жалықпайтынбыз. Әскери киімді бірінші болып мен киіп, жүз шақты үй қоныстанған шағын ауылдың қысқа-қысқа көшелерін бірнеше рет айналып шықтым. Біз тұрған көшенің екінші басындағы кіші апамның үйінен сүт әкелгенде тым ұзақ сезілетін көше енді маған тым қысқа болып қалды. «Көшені несіне ұзын жасамаған» деп бұртиятын болдым. Ауыл балаларының бәрі менің жанымнан табылды. Кейбіреу бас киімді ұстап көріп, алақанын ысқылап ұзақ тұрып қалады. Оны түнде де құшақтап жатып ұйықтаймын. Кейбір балалар достығын бұлдап, сұрап жүріп бас киімді бір рет киіп қалғанына маз болып жатады.
Содан бастап «үлкейгенде әскер боламын» деп берік бекіндім. Тіпті, бас киіміне қарап қойып, өзімді кәдімгі әскер сияқты сезініп жүрдім.
Әкемді Дүйсенбек деген досы үйіне қонаққа шақырды. Үлкендер қызу әңгімеге кіріскенде сол үйдің менімен құралыптас баласы бас киімімді сұрап мазамды алды. Мен бермей тырыстым. Сөйтіп керісіп тұрғанда бас киімді алды да лақтырып қалды. Ұшып барып, үйдің бір бұрышындағы қызып тұрған пешке жабысты да қалды. Пешке таяу отырған үйдің отанасы желдамдықпен жұлып алғанымен, қызып тұрған пеш бас киімнің төбесін күйдіріп жіберді. Содан отырыстың да берекесі кетті. Үлкендер қанша сабырға шақырғанымен мен тыныштала қоймадым. Үйге келген соң шешем оны жамап-жасқап, тігіп берді. Сол бас киім мектепке барғанша басымнан түскен жоқ.
Кейін сәл есейген тұста немере інім Тұрдыақын мені жайлауға ертіп кетуге келді. Ертесі екеуміз екі жорға атқа мініп, Көксай деп аталатын жайлауға жолға шықтық. Сол кезде біздің ауылдың желке тұсында бір дивезия әскер орналастырылған. Оның себебім сұрағанда әкем біріншіден біздің ауылдың адамдары тым тентек болғандықтан, екіншіден бұл жер Әкпар, Сейіт деген батырлардың көп жорытқан жері болғандық әскер орналастырды деп түсіндіретін. Дивезияның дәл ортасында ауыл мен жайлауға өтетін жол болатын. Сол жолмен өрлеп келе жатқанда аласа бойлы әкі әскери адам жер қазып жатқанын көрдік. Жанына жақындап барып, әлде нені сұраған болып айналдырып тұрдық та басындағы бас киім ала қаштық. Біз мінген аттарымыздың жаяу адамға жеткізбей кететініне сенімді едік. Айғай-шу басталып, тарсылдап мылтық атылды. Казарманың ауыр қара есігі шиқылдап ашылып, үш шақты мотоцикілге мінген бір топ әскеи бізді қуалай жөнелді. Жолдың екі шеті 5 шақырымдай биік дуалмен қоршалғандықтан тауға шығатын жол таппай тұра тартып келеміз. Моторлы әскер атты қазақты қойсын ба? Ақыры ұстап алып, сүмірейтіп казармаға алып келді. Бұрын биік қорғанның арғы жағында не барын білмеуші едік. Енді көрдік. Қаптаған ауыр әскери техника, құрал ұстап машықтанып жүрген қалың әскери адам. Олардың кімді қорғап жүргенін түсінбей әуреміз. Бізді сол беті штап бастығының кеңсесіне алып келіп, ауыз бөлмеге кіргізді. Арғы жағынан ұзын бойлы, қалың қасты, түсінен адам қорқатын әскери адам мен аласа бойлы, жұпынылау киінген қазақ жігіті шықты. Бастықтың қытайша айтқанын қазақ жігіт аударып беріп тұрды.
– Бас киімді неге ала қаштыңдар, – деп сұрады бастығы.
– Қызығып кеттік.
– Неге?
– Біз де әскер болғымыз келеді? – дедім.
Сөз осымен бітті. Арада біраз уақыт өткенде үш шақты мотоцикль гүрілдеп келіп тоқтады. Терезеден сығалап қарасақ әкем түсіп келе жатыр. Біткен жеріміз осы деп ойладық. Бізді көрді де қабағын сәл шытынды. Соның өзі өңменімізден өтіп кетті. Әкемнің келгенін біліп, манағы бастық пен жігіт қайта шықты.
– Балаларың әскер болғысы келеді екен. Бұл құптарлық жағдай. Бірақ әскери адам ұрлық жасамау керек. Қайта елді қорғау керек, – деді де бағанағы бізді ұстап әкелген екі әскериді шақыртты. Есіктен кіре сала қатып тұра қалған екеуіне жақындап барып, бас киімін шешіп алды да бізге кигізді. – Міне, нағыз әскер болдыңдар. Енді бұл бас киім сендердыкі, барыңдар, – деді.
Шығып келе жатқанда әкем:
– Ана қазақ жігітті білесіңдер ме? – деп сұрады.
– Жоқ.
– Күзбай деген ағаларың сол, – деді.
Сол кездегі Қытай қызыл армиясы расымен халықшыл, мейірімді еді. Бірақ қазіргі қызыл армияны мейірімді деп айта алмаймын.
Көп еңбекпен келген әскери бас киімді кейінге дейін киіп жүрдім. Бірақ мен әскер бола алмадым. Өйткені, Ақпар мен Сейіттің аңызға бергісіз әңгімесін естіп ержеткен, Күзбайға еріп, тау-тасты кезіп, аңшы атанған бізді әскер қатарына ала қоймайтыны белгілі еді. Қазір ол баскиімнің әсері ұмытылды. Бірақ басқа бір бас киімнің жылуы мені жылытып келеді.
Ол былай болып еді. Алғаш Алматыға келіп, Астананы көріп қайтсам деп арманмен жолға шықтым. Қаңтардың 12 күні түске қарай поез Астанадағы кезіндегі көне теміржол бекетіне жеткізіп салды. Сыртқа шыға келсем аяз қысып, Сарыарқаның желі атқа мініп тұр екен. Ол кезде бас киімсіз жүруді әдетке айналдырып алғанмын. Вогзалдан шығып, қарсы алдындағы аялдамаға беттеп келе жатыр едім. Жолшыбай бір апа кездесе қалды:
– Балам-ау, басың жаурады ғой, – деп қолымнан ұстай алды.
– Жоқ, апа үйренген бас қой, – дедім дірдектеп тұрғанымды сездірместен.
Ол кезде Арқаның аязының мұндай айбарлы болатыны білмеуші едім.
– Қайдан келіп едің?
– Қытайдан.
– Қашан?
– Қазір ғана келіп тұрмын.
– Арқаның аязымен ойнауға болмайды, – деді де қолымнан жетелеп, аялдамаға келіп тоқтай қалған 5 жолдың автобусына мінгізді. Содан жаңадан ашылып, жұмыс істей басаған «Еуразия» деген сауда орталығына бардық. Аралап жүріп, бір малақай сатып алып:
– Айналайын, өзім зейнетақыға қарап отырған адаммын. Қолымда болса бұданда жақсысын алып беретін едім, – деп басыма кигізді.
Өкінішке қарай, сол апаның аты-жөнін сұрап алмаппын. Есесіне, ол кісінің аялы алақанының жылуы әлі күнге қос самайымды жылытып келеді.
Қазір әскер болмағанымда дұрыс болған екен деп ойлаймын. Өйткені, Қытайдың әскери бас киімі қанша әдемі болғанымен, апам сатып әперген малақайдай жылы емес еді.
Өмір көп нәрсені ұмыттырды ғой. Бірақ әр рет бас киімімді қолыма алғанда сол мейірбан апамның мейірімді жанары көз алдыма келеді де тұрады.
Қажет АНДАС
«Q-andas» ақпараттық агенттігі.











