Күнестің Кеңсу Сарыкезең деген жерінде тау беткейіндегі таста адам басы, бет-бейнесі, бес саусақтың табы ойылған үлкен тас бар. Тасқа ойылған адамның сол аяғының балшыққа басқандай жалаңаяқ ізі тасқа ойылған. Бұл іздің ұзындығы 35 см, жалпақтығы 20-22см, сол маңдағы адамдар бұл ізді алыптың ізі деп атайды. Олар ырымдап қолдарына, денелеріне, қотыр, сүйел, бөрткен түссе сол тасқа сүйкеп, ырымын жасайтын әдеті бар. Сары кезең Солтанкелдеден тарайтын Шәкіл елінің атамекен, құтты қонысы.
Қызайлар Ілеге келген соң Қоңыз бастаған Солтанкелді Аралтөбе аумағына қоныстанады. Сол кезде Солтанкелді де Қоңыз зәңгі, Жылқайдар елубасы, Тұрдығұлдан Бармақ елу басы екен. Бұл арада Аралтөбеге ілінген соң ақылдасып төмендегідей жер бөлсін жасайды:
– Қарымбай руы Жабайы бұлағынан шығысқа қарай Қарағайлысудағы Бердіке бұлағының өргі жағасындағы төбеге дейінгі жерді алады. Одан өрге Қарағайлысудың аралығына Қонысбайдың Аймаңдай бастаған ауылы орналасады. Қарағайлысудың ағарынан шығысқа қарай Сары сарайға дейін Есембай, Бөрібай рулары орналасады. Сары сарайдан шығысқа қарай Сары кезең мен Кеңсудың су ағары және Көлденең бұлақтың басына дейін Малтабар, Шәкіл рулары орналасады. Кеңсу ішіне Қожабек руы қоныстанады. Кеңсудың шығыс жақ босағасынан Баянжүректің айналасына Тұрдығұл руы орналасады. Аралтөбедегі жер бөлісі осылай сатымен ақырласады. Осы алғашқы жылы Қожабектен Нарынбай бастаған 18 отбасы, Тұрдығылдан Мойнақ бастаған 33 отбасы, Қарымбайдан Қоңыз бастаған 21 отбасы, Малтабар, Шәкілден 28 отбасы болып, жалпы 100-дей отбасы көшіп келіп орналасады. Олар бір бөлім шаруашылығы бар, өзіне өзі сенімді, әл ауқатты отбасылар еді. Ал Бұраталада қалған шаруашы орта, төмен адамдар кейінгі жылдарда арт-артынан көшіп келіп, түтінбасы, малбасы күн сайын арта береді. Адам іргесі тимеген ту жер жұрт көңіліне жағып шаруашылығы шалқып, халық тұрмысы біртіндеп жақсаруға бет алады. Адамдар әр сай, әр жерде қысы-жазы киіз үймен отырып, малшаруашылық өнімдерін азық етеді. Мен осы Сарыкезеңнің аузындағы «Жансарбайдың қарадомалағы» атты қыстауда туып, сол жерде есейіп, ержетті. «Жансарбайдың қара домалағы да» тарихи жерлердің бірі еді. Алыстан қарағанда жатаған, жадағай төбенің үсітне шықсаңыз атшаптырым аумақты алып жатады. Осы төбенің басында кезінде тастан қаланған бейіт болатын. Ондағы тастарда біз білмейтін неше түрлі тасқа ойылған сурет пен жазулар болатын. Кейін 1960 жылдары сол бейітті бұзып, тастарын қыстауылқтарға қора саламыз деп тасып кеткен еді. Бабамыз Жансарбай емшінің қыстауы осы төбенің түбінде орналасқан. Бабамыз әр күні тәңертең, кеш осы төбеге шығып, отырып-отырып, қайтады екен. Егер өзін іздеп біреулер келе жатса, сол төбеге шыққанда аттың демі келіп, құлағына дыбысы естіледі екен. Сол белгіден ауруына ем іздеп келе жатқандарды алдын ала біліп, олар жеткенше дайындығын жасап, дәрілері мен құрал-жабдығын реттеп, дайындалып алады екен.
Келген адамды ең алдымен Сарыкезеңнің басындағы жартасқа барып сиынып келуге жіберетін көрінеді. Сарыкезең Сарысайдың басында кезеңге жеткенше сай іші құйқалы, көк шалғынды болып келеді де кезеңге ілінгенде алдынан биік жартас бой көрсетеді. Жартасқа әдетте сау адамның шығуының өзі қиын жұмыс. Ал науқас адамның оңайлықпен көтеріле алмасы анық. Сондықтан Жансарбай Ұлтарақ ұлы сол тұста яғни, 1850 жылдары Ресей Ілені жаулап алғаннан кейін Аралтөбе ауылына көшіріп әкеліп, орналастырып, кейін Поселке деген ауыл болып, отырақтасып қалған орыс достарына айтып, жоғарыдағы тағаны жасатқан екен. Сарыкезеңнің басына тәу етуге баратын адамдар осы тағаны киіп, жартасқа шығатын болған. Оны біз де бала күнімізде талай киіп едік.
Сол маңдағы халық аңыздарында: «Бұл алыптың немесе алып әулиенің солтүстікке беттеп келе жатқанда түскен сол аяғының ізі, ал оң аяғының ізі бір аттағанда Қас өзенінің бойына басылған», – деп айтылатын. Бұл аңызды бала кезімізді естіп өстік. Расында, Қас өзенінің жоғары жағындағы Бурылдың арасаны деген жерде үлкен-кішілігі дәл сондай тасқа басылған адамның оң аяғының ізі бар. Ал Күнестің шығысындағы Арасан өзенің бойында, Арыстан тауының оңтүстік құзында Әзіретәлі арасынан, бір де Күнес басы арасаны деп аталатын арасанның басында тасқа түскен екі алақан, саусақ ізі, тізе, маңдай ізі және құйылған құмған ізі бар.
Әкем Омарақын Жансарбай ұлы өмірінде өте таза, кірпияз, ұқыпты адам еді. Сондай-ақ, өмірінің соңына дейін әр жыл сайын қандай қиындық, кедергі куездессе де Күнес басы арасанына жылына бір рет барып, апталап жатып қайтатын. Сол әдеті бізге де сіңісті болды. Бала кезімнен әкеме еріп, жылда мен де сол арасанға баратынмын.
Жалпы, Арасан табиғаттың ең бір көркем жеріне орналасқа. Екі жағы ну орманды жалданып келетін аумақтың дәл ортасынан Күнес өзенін бұрқырап ағып жатады. Онда 12 жерде арасан суының көзі бар. Арасан көздері бірі-бірінен көп болса 2-3 метр, алыстауы 10 метр қашықтықта тау тастарынының арасынан ағып шығады. Бір қызығы әр көзден ағып шығатын судың түсі де әртүрлы бірі қызыл, жасыл, күрек, қанқызыл, тағы басқа болып келеді. Олардың әрбірінің суық-ыстықтығы да ұқсамайтын. Адамдар олардың әрбіріне «Көз арасан», «қан арасан», «Ұшық арасан», «Сынап арасан», тағы да басқа деп сипатына қарай ат қойып алған. Солардың ішіндегі қалыпты темпратурадағысы «Әзіретәлі арасаны» деп аталса, ең ыстығы «қан арасан», ең суығы «Ұшық арасан» болатын. Өзеннің шығыс жақ бетіндегі үлкен жартасқа сызылған Шыңғысханның мүсіні болатын. Әр жылы 15 тамыз күні сол маңдағы моңғолдар жиылып келіп, сол тасқа тәу етіп, бір түн, бір күн тамақ ішпей күңіреніп, жылап-еңіреп, имандарын үйіріп, дуғаларын жасап қайтатын. Бұл күн Шыңғысханның немересі Юуан патшалығын құрған Құбылай ханның ұрпақтары биліктен айырылып, қытайлардан жеңіліс тапқан күні болатын. Осы күнді қытайлар күні бүгінге дейін «Толған ай» мерексі деп жеңісін тойлап келеді.
Үлкендерден естуімізше, Құбылай хан қытайларды толығымен жаулап алған соң «Он отбасылық» билік түзімін құрады. Яғни, он басыға бір соңғол жасағы жауапты болып, олардың барлық әрекетін қадағалап отырады. Кіріп-шаққаны, жүрген-тұрғаны аңдуда болған соң бөтен ниеттегі адамдар бірімен-бірі араласа алмайды. Ақыры олар дәл осы 15 тамыздағы «Тоған ай» мерекесін тойлау деген сылтаумен әрбір отбасы бірі-біріне мәнті пісіріп, сауға ұсынады. Сол мәнтінің ішіне салынған сәбізге «15 тамызда көтерілеміз» деген сөзді ұйып жазып, бір-біріне хабар береді. Осылай ұйымдасып, дәл сол күні бүкіл қытай бойынша көтеріліске шығып, бір ғасырдан астам уақыт өмір сүрген, тегеуірінді Юуан империясын тас-талқан етіп, құлатады. Моңғолдар осы 15 тамызды «Биліктен айырылған күніміз» деп есептеп, Шыңғысханның мүсініне табынып, өкінішін білдіру салтқа айналған.
Шыңғысханның мүсіні ойылған жартастың жоғары жағында, тау жотасына таяу жерде «Ұшық арасаны» деп аталатын арасан көзі бар. Олар таудың жартасты қабатынан ағып шығады. Адамдар алдын ала шешініп, биік жартастың түбіне келіп тұрады да, судың ағуын күтеді. Бір уақытта жартастың қуысынан шелектеп су ағып шығады, шашырап денеге құйылады. Ол көп болса 5-6 минутқа жалғасады да қайта тоқтайды, содан кейін 2-3 сағаттан кейін тағы осылай қайталанды. «Ұшық арасанның суына ұшқыталған адам ауырмайды» деген сенім қалыптасып, арасанға барған ел оған бармай кетпейді. Ұшық арасынның төменгі жағында, шыңғысхан мүсіні орналасқан жартасқа жетпей үлкен тесік қаратас бар. «Бұл тас күнәкар адамды қысып қалып, діл таза адамды өткізіп жібереді» деген сенымде қалыптасқан. Сондықтан көп адамдар оның тесігінен өтуден қорқады.
Өзеннің Батыс жақ жотасының басында үлкен көл бар. Сол көлдің жағасында тасқа түскен екі алақан, саусақ ізі, тізе, маңдай ізі және құйылған құмған ізі бар. Арасанға барған сайын сол жерге барып, алақан, тіземізді тастағы ойық іздің үстіне қойып, маңдайымызды маңдай ізі бар ойыққа тигізіп, тәу ететінбіз. Үлкендердің айтуынша: «Осы маңдағы аң-құстар жарақаттанса, сол көлге келіп, бір түсіп шығырп, құлан таза сауығып кетеді екен». Бірақ мен ондайды көрмедім.
Жәдігер бұгінде Андас отбасы қорында сақтаулы тұр.

Тарих талғарында [Мәтін] : (Тарихи зерттеулер, эссе, мақалалар) / А. Омарақын- Талдықорған : [б. ж.] , 2022.– 500 дана . – ISBN 978-601-7865-39-9, ISBN 978
https://kazneb.kz/ru/bookView/view?brId=1657755&simple=true#
жалғасы бар…











