Көз ашқалы тау сағалай қоныстанған жұпыны ауылдың, малшы қауымның жайбырақат өмірін көріп өстік. Қозы-лақ, тайынша-торпақ бағып жүріп, қайсарлықты, шымырлықты, төзімділікті, табандылықты, асаулықты, алған бағытынан қайтпайтын бірбеткейлікті үйрендік. Тістескен жерінде тісі қалатын, қадалған жерінен қан алатын қатыгездік те, даладай кең, судай тұнық, ауадай таза арлы мінез де санамызда сол даланың байтақ қасиетінен сіңген. Соның бәрі де әлі күнге менің бойымда бар.
Бала күнімізде біздің үйге таяу жерде «Сайтан ұялаған медресе» деп аталатын тоқал тамның орны болатын. Қабырғалары қаусап, шаңырағы шайқалып, шаң қауып жатқан көне жұрттағы медресені Естемес қажы деген кісі салдырған екен. Әкемнің айтуынша, Естемес қажыға бала күнінен бақ қонып, Қыдыр дарыпты. Мал бітіп, шалқыған бай болыпты. Керуен тартып Сәбетке (Ол кезде Қазақстанды осылай атайтын) жиі баратын көрінеді. Сондай сапардың бірінде түйелі көшке тоғанақ артып, қашырға жүк тиеп, сайгүлік атқа мінген білекті жігіттерге жол бастатып, Сәбеттен құрал-жабдық тасып, Кеңсу өзенінің сағасынан тері өңдеу зауытын құрып, тыныш жатқан елдің шырқын бұзыпты. «Шырқын бұзыпты» дегенге шырт ете қалмаңыз. Оның жайын сосын айтамын.
Сол білекті жігіттерді менің атам Омарақын басқарады екен. Ол кісі ірі денелі, қарымды болыпты. Атамның жаужүрек батырлығы, ерлік істерінің көбін біз ұмытып кеттік. Оны өмір, жағдай, қысым ұмытуға мәжбүр етті десек те болады. Бірақ бала шақта біздің үйдің іргесінде үлкен қара тас жататын. Оны атам шақырым жерден арқалап әкелген екен. Атамның жас кезі екен ауылдастар Кеңсу өзенінен Сарыкезеңнің жазығына су шығару үшін жотаны өзектеп канал қазвп жатқанда алдарынан үлкен қара тас көлденеңдей қалады.
– Осы тасты бір шақырым жерге көтеріп апарған адамға бір жылқы сыйға беремін, – дейді қолы жомарт Естемес қажы.
Жініккен жігіттер бірінен соң бірі тасты көтеріп, басын шұлғып шығып жатады. Сол кезде белін қара дабымен қысып орап, белуардан келетін шұқанаққа қарғып түскен атам тасты толғап, толғап жіберіп, тік көтеріп, арықтың ернгеуінен ары асырып, лақтырып жібереді. Оны арқанмен орай буып, көтеріп алып бір шақырымдай жол жүріп дүңк еткізіп қоя салады. «Айтқан серт атылған оқ» деген ұстанымды үлгі еткен қазақы қасиетті қадірлеген Естемес қажы жотаны өрлеп бара жатқан қалың жылқыны нұсқап:
– Таңдаған біреуін ұстап мін, – деп ықылас танытыпты.
Жылқының таза қанды тұқымдарын ғана таңдап өсіретін бай жылқысының ішіндегі жүген-құрық тимеген құла дөненді бір қолымен құлақтан басып, тапжылдырмай ұстап тұрып, енді бір қолымен ерттеп мініп жүріп кеткен екен. Естемес қажы Мазақ ақалақшыдан қалап алған жүйрігін қанша қимаса да, уәдесін бұзбай жас жігітке мінгізіпті. Көп өтпей қаратасты көтеріп әкелген жерге үй тұрғызып, қонысаныпты. Мен сол үйде туып, сол ауылда ержеттім.
Қанал қазылып, өзен суы шыққаннан кейін Сарыкезеңнің жазығына елдер үй салып, қоныстана бастайды. Ауыл көбейгеннен кейін ел мектеп, медресеге аңсары ауа бастайды. Мұны түсінген Естемес қажы Сарыкезеңнен үш жүз шақырым шалғайдағы Құлжадан құрылысшылар шақыртып, құрылысқа керекті материалдарды тасып, бала оқытатын медресенің құрылысын қолға алады. Атам керуенді қорғайтын жігіттердің басшысы болады. Екі ортадағы Шуырма деп аталатын тау жолында тараншы, қалмақ, дүңгеннің барымташылары ары-бері өткен елді тонап маза бермейді екен. Бір жолы Жаманты өзенінің бойында қалмақтың атақты барымташысы Беге мен атам кездесіп, белдесіп қалады. Қасындағы он жігітімен Бегені қоса байлап, кешірім сұратып босатады. Осыдан кейін «Керуенді Омарақын бастап келе жатыр» десе ешбір барымташы олардың маңына жоламайтын болыпты.
Медресенің құрылыс жұмысын ноғай шеберлері жүргізіп, Сәбеттен шақыртылған ұстаздар білім берген қабырғасы бөренемен қаланып, сыртына оюланған ағаш тақтаймен, төбесінің шатыры темірмен қапталған сол медресе қызыл өкіметтің тұсында тас-талқан етіп қиратылып, оны салдырған, салған, оқыған адамдардың бәрі құғын-сүргінге ұшырады. Кейін «Делреседе сайтан бар екен. Ол елді алжастырып, аздырады» деген өсек таратып, елді үрейлендіріп, маңына жоламайтындай етті. Бертінгі жылдары медресенің орнын тегістеп, егістікке айналдырып жіберді.
– Мен осы медреседе атаң Сәбеттен арнайы шақырып әкелген досы Егеубек мұғалімнен оықып, хат танығанмын, – деп әкем айтып отыратын.
Егеубек мұғалім 1962 жылы Қазақстанға қайта көшкенде жиған-терген кітаптары мен қолжазбаларын әкеме аманаттап кеткен екен. Өкінішке орай, сол дүниелердің денін 1966 жылғы мәдени төңкерісі тұсында әпербақандар өртеп жіберіпті. Тыққыштап жүріп, аман алып қалған біразы жәдігерді әлі сақтап келемін.
Шынымен үрейленгендіктен бе, әлде, саясаттың қысымы ма? Бала күнімізде үлкендер бізді медресе жаққа жолатпайтын. «Сайтан соғады» деп қорқытатын. Ал өздері қараңғы түсіп, ел ұйқыға кеткенде тығылып барып, жасырынып сыйынып қайтып жүретін. Аталарымыздың қолтабымен жасалған асыл қазыналар міне, осылай «Сайтан соғады» деген бір ауыз сөбен құрдымға кетті. Қазір ол өлкеде сол өркениеттің белгісі де қалған жоқ.
Біз оқу жасына келгенде тау сағалаған ауылда төртінші сыныпқа дейін ғана оқытатын топырақтан соғып тұрғызған үш бөлмелі мектеп болды. Оның бір бөлмесінде мұғалімдер тұрады. Ал қалған екі бөлменің біреуінде бірінші және екінші сынып, екіншісінде үшінші, төртінші сыныпта оқитындар екі бөлініп отыратынбыз. Оқулықта тапшы, бар ермегіміз таң атқаннан кеш батқанша Маркс-Энгелс деген ақсақалдардың өлі, тірі мұрагерлерінің сөздерінен қысқартылған үзінділерді жаттау болатын. Тек жазғы, қысқы демалыста қаладағы туыстарымызға қонаққа барып қалғанда сол үйдегі балалардың сомкесінен физика, химия, биология, тарих деген сияқты сабақтарды көріп, таңғалатынбыз.
Аман-есен төртінші сыныпты бітірген соң қолға таяқ алып, малшыларға көмекшісі болып шыға келгеннен артық арман болмайтын. Малшылардың балаларының ет пен майға қарық болып жататынын көргенде ауылдағы жарты құрсақ бізге өмірдің рақаты сол болып сезілетін. Тіпті хат танығаннан кейін-ақ күзді күні жайлаудан түспей, оқуға келмейтіндер көп болатын. Олар үшін жүгерінің үнынан пісірілген нанды жеп жүргеннен гөрі, жаз жайлауда тайпалтып жорға мініп, қымыз ішіп қыдырып жүрген, қыс қыстауда жылқының былқып піскен сұры етін, майлы қазыны қиялай кесіп құшырлана жегеннен артық бақыт болмайтын еді. Жаны жанатта болғыр Маркс ақсақал ойлап тапқан пролотарятимзмнің бізге көрсеткен байлығы осы болды.
Төртінші сыныпты бітірген тұста сол сұрақ алдымнан шыға келді. Бірақ, әкемнің айтқан әңгімелерінен туындаған оқуға деген құштарлық таяқ ұстаудан гөрі, қалам ұстауға қарай жетелей берді. Мен сияқты бекінген тағы да алтауы бар екен. Қаладан оқитынымызды айтып, ауыл бастығының алдына барсақ, бәрі келісіп алғандай:
– Асық ойнаған азар,
Дойбы ойнаған тозар.
Бәрінен де қой бағып,
Құйрық жеген озар, – деген жауаппен қайтатынбыз.
Мұндай тосқауылға біз де өзімізше жауап беруге тырыстық. Енді үйден қашатында шығардық. Жаз бойы ауылда жиі-жиі бала жоғалу оқиғасы орын алды. Осыған орай, тамыз айының ортасында ауылға қаладан сот орындаушылар тексеруге келді. Алдымен ауыл басшылары, мектеп диреторы, сосын ата-аналарымызбен жолығып, туындаған мәселенің шығу төркінін табуға тырысты. Бірақ, түйінді жауап таба алмады. Ақыры ауылдан қашудың атамандарын жинап, әңгіме өткізді.
Біз қалада оқуымызды жалғастырғымыз келетінін айттық.
Осыдан кейін қаладан келген комиссия әр үйді аралап, оқу жасындағы балалардың тізімін жасады. Төртінші сыныпты бітіре сала, қолына малшы таяғын ұстаған 57 баланың тізімін көрген көзілдірікті бастық жағасын ұстады. Жер көкке сыйғызбай мақтайтын социялистік қоғамда сорлаған ауылдың көп екендігіне сол кезде көздері жетті.
Кейін естісек ол басшының да кешірмесі тым ауыр болған екен. Әке-шеше, туыс-туғандары бай-манап, білгір білімді, ел басқарған азаматтар болғандықтан 1966 жыл тұтқындалып, бауыры екеуі тұтқыннан қашып шығып, қиыр шалғайдағы біздің ауданды паналап, тірі қалыпты. Саясат орныққанда облыстық сотқа қызметке келген екен.
– Бұлай болмайды, – деді басын шайқап.
Басында заңның қатал ережелерін түсіндіргісі келіп тырысқан бастық енді бізді жұбатуға көшті:
– Күз де бәріңде оқитын боласыңдар, – деп уәдесін беріп аттанды.
Ертесі ауыл басшысы мен мектеп директоры қалаға шақырылды. Ауыр сөгіс алған болар ауылға көңілсіз оралды. Сосын ауылдастарды ескі кинотеатрға жинап алып, жиналыс ашты. Сөз ұзаққа созылған жоқ.
– Қаладан оқимыз деген балаларды тізімделіңдер, күзден бастап оқисыңдар, – деді де шығып жүре берді.
Түрлі жағдай себебінен төрт сыптасымыз оқуға бармайтын болды да қалған жетеуіміз шып-шырғамыз шықпай қаладағы жатақты мектепте келіп орналастық. Бізді ауылдастар мойнымызға қызыл галстук байлап, қолымызға жалау ұстатып, урандатып аттандырып салды. Тіпті, біз жер түбіне бара жатқандай аналарымыз көзіне жас алып, еміреніп құшағына қысқаны әлі күні бойымызды жылытып келеді.
Біз оқитын мектеп қаланың ортасына орналасқан екен. Мұғалімдеріміз аса жылы қабылдай қойған жоқ. Қатқыл, қатқыл сөйлеп, қабақтарын түйіп, бұйрық беріп жатты. Ауылда еркін өскен бізге бұл бұйрықтар оғаштау сезілді. Бірақ, бізді менсінбей қабылдаған сол ұстаздарымыз бүгінде бізбен мақтанып жүр.
Менсінбеудің көкесін оқу басталғанда көрдік. Бесінші сыныпқа қабылданған 25 бала ертесі-ақ қалалықтар және далалықтар болып бөліне қалдық. Қалалықтар әдемі киінген, қолдары аппақ, саусақтары салалы, оқу құралдары да, сумкалары да жаңа. Ал біздің түріміз тотығып күйген, үстімізге шешелеріміз көршілерден сұрап жүріп тапқан маталарымен тігіп кигізген киімдер, дәптер, қарындаш деген де толық емес. Оның үстіне қалалықтар бірнеше топқа бөлінеді екен. Сабақ аралық демалыс болса «Өр жақ, төмен жақ», «Бірінші бөлімше, екінші бөлімше» деп бөлініп алып, қырылысып жатады. Мұның бәрі бізге қызық сезілді. Сол кезде жақсыз, шақсыз етістік сияқты жетеуміз бір жақта қаламыз. Келе салған күні-ақ бізге «Сайтан мектептің жеті сайтаны» деген ат қойып алды. Кезінде кемсітіліп айтылған сол атау бүгінде мақтанышпен айтылады.
– Сен жетеуің артқы үстелге отырыңдар, – деп бұйырды ең алғаш сабаққа кірген көзілдірікті апайымыз. – Басшылар келсе ұят болады.
Бала болсақ та, бәрін түсініп тұрмыз. Өмірдегі ең алғашқы соққыны осылай алдық. Бірақ көз жасымызды көрсеткен жоқпыз. Өйткені, біз бала күннен әлпештеліп емес, жерден таяқ жеп, шымырланып өскен едік. Бірақ, сол орта бізге ең алдымен бөлінудің абырой әпермейтінін ұғындырды. Осы күнге дейін мейлі ол кім, қай ұлт, қай ру болсын, адамгершілігмен сыйласқан адамның бәрі менің тобым, туысым, сырласым деген түсінік қалыптасты. Тек бізді денешынықтыру пәнінен сабақ беретін ағай жылы қабылдады.
Физика, химаия мен математика сабығында сын естіп, сынық қабақ болып шықсақ та, денешынықтыру пәнінде кеткен есемізді қайтырып жүрдік. Тауда қозы-лақ қуалап, тай үйретіп өскен біз қалалықтарды шақ қаптырып кететінбіз. Әр жылы бесінші айда аудан көлеміндегі мектепаралық жеңілатлетикадан жарыстарда барлық марапатты біз еншілейміз. Ауылда ауыр-жеңіл жұмыстардың қай-қайсысында жалықпай істеп үйренгендіктен күшініміз мығым, жұдырығымыз қатты болатын. Күрес сабағында қарсыластарымызды оңдырмай мыжғылап, ретін тауып сабап алатынбыз.
Айтпақшы, сол кезде айына бір рет ауылдан пошта келетін. Пошташы ағай келген күні той болатын. Ауылдағы ата-анамыздан, достарымыздан келген хатты жабырлай оқып, бір жасап қаламыз. Біздің бұл қылығымызға қалалық балалар аңтарылып қалатын. Өйткені, олар мұндай сезімнің ләзатын сезінбейді ғой.
– Мен ертең ауылға қайтамын, – деп ескертетін ағай.
Бәрімізде түсіне қоямызда түнімен ауылға хат жазуға кірісетінбіз. Жазып болғанымызды қайта-қайта оқып, түнімен ұйықтамаймыз да, ертесі сабақта қалғып-мүлгіп отырамыз. Тағы да математика апай улы тілін қадап-қадап алатын:
– Тағы да түнімен роман жазғансыңдар ма? Ауылдарың көшіп кетіп пе? Жоқ, тау қопарылып, тас құлатыппа, – дейтін жанымызды жаралап.
– Түнімен сайтан аулапты, – деп дуылдап жатады қарсыластарымыз.
Бір қызығы, осыдан үш жыл бұрын ауылға қыдырып барғанымда сол апайым менің кітаптарымды балаларының жатын бөлмесіне тізіп қойыпты. Балалары крилше жазылған кітаптарды оқи алмаса да: «Менің шәкіртімнің жазған кітабы» деп мақтанады екен. “Өтпелі дүние, өзгермелі несібе» деген осы болар.
Бір жолы біздің хал-жайымызды білмек болып әкем келді. Сол күнгі қуанышым әлі күнге есімнен кетпейді. Жетеумізді ертіп шығып, қаланың ең таңдаулы деген асханасынан тамақтандырды. Осы жолы жеген мәнтінің дәмі әлі күнге тілімнің ұшында тұрады. «Аштықта жеген құйқаның дәмі кетпейді» дегендей, кейінде жетеуміз кездесіп қалғанда мәнті жеуді әдетке айналдырдық. Бір-бірімізді қонаққа шақырсақта мәнтімен сыйлаймыз. Тағы да жетеумізді бөліп жармай жеті нәски сатып әперді. Жолынан асқан ақшасының соған ғана жететінін біліп тұрмыз. Бүгін ойласам, бұл әкемнің: «Жортқанда жолдарың болсын» деген ниетін тілсіз түсіндіргені екен ғой. Сырттан келген қонақты оқушылардың жатақханасына жатқызбайтын тәртіп бар. Әкем қаладағы бір танысының үйіне қонуға кетті.
Біз жатақханаға оралған соң ауылға хат жазуға қамдандық. Ортамыздағы біреуі:
– Бәріміз бөлек-бөлек жазғанша, бірлесіп, үлкен тақта қағазға арманымызды сыйдырып, оны көркемдеп, ауылға жіберсек тамаша тарту олар еді, – деген ұсынысын айтты. Мұны бәріміз қолдадық. Күзетші атайға жалынып, жалбарынып жүріп, үлкен тақта қағаз, түрлі-түсті қарындаш, мектеп кітапханасынан бірнеше газетті сұрап алдықта алдымызға жайдық. Әрбірінен бір-бір үлгі алып, оған: «Арманға толы ақ парақ» деген тақырып қойып, болашақ жайлы армынымызды жазып, оны түрлі-түсті етіп көркемдеп ертесі әкемнен ауылға беріп жібердік. Бұл біздің сегізінші сыныпта оқып жүрген кезіміз еді. Бұл үрдіс бір-екі жылға жалғасты. Кейінгі кезге дейін сол тақта қағаздар ауыл мектебінің кітапханасында ілулі тұрды. Барған сайын оны көріп, өткен күндерді ой елегімізден өткізуші едік. Кім білсін, қазір оны әлдекімдер жұлып алып, аяусыз жұмарлап, жыртып-жыртып күресінеге лақтыра салған шығар.
Бұл бастама бізге ой салды. Ертесі жеті сайтан жиылып, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасарына жолығып.
– Мектептің қабырға газетін шығарсақ, – деген ойымызды айттық.
– Қолдарыңнан келе ме?, – деді ол кісі.
– Келеді, – дедік бәріміз.
Ертесі бізді хатшы қыз шақырды:
– Сендермен директор кездеспекші, – деді бірден.
Тізіліп директордың кабинетіне кірдік.
– Алдымен сендердің талаптарыңа ризамын. Сосын қаладағы басқа мектептерде қабырға газеті бар. Бізде сол жағы жетіспей тұр еді. Қолдарыңнан келе ме? – деді сұраулы көзбен.
Төбеміз көкке жеткендей болды.
– Келеді, – дедік бәріміз.
– Ендеше, кірісіңдер. Керек жарақтарыңды кітапханашы мен есепшіден алсаңдар болады, – деп шығарып салды. Бұл оныншы сыныпта оқып жүрген кезіміз еді.
Көп өтпей «Жас толқын» атты газетіміздің бірінші нөмері шықты. Ол кезде қазіргідей техника жоқ. Материалды мектептегі жалғыз машинкамен теріп, май баспамен басып шыққан газетімізді оқушылар жақсы қабылдады. Әсіресе, оң қолы кемтар Нұрболдың солақай қолымен салған суреттері көз тартып тұратын. Өкінішке қарай, өмір оның бағын ашпады.
Кейін әкем газетіміздің бір бетін достарына айтып жүріп, «Іле өрендері» деген облыстық газеттің бір бетіне бергізді. Осыдан бастап бізбен санасатындар көбейе түсті. Жолымыз түсіп қала бастығының қабылдауында болып, бір-бір диплом арқалап шықтық. Біздің осы қуанышымызды естіген ауылдағылар мал сойып, тілеу тілепті. Ертесі қоржын толы ауылдың дәмін арқалап, әкем тағы келді. Мектептің асханасын сұрап алып, жатақханада тұратын оқушылардың бәріне дастарқан жайып, бір тойлаттық. «Кедейдің бір тойғаны, шала байығаны» дегендей, бірде тоқ, бірде аш жүрген жатақтастарымыз бір қуанып қалғаны анық. Осыдан кейін бізді көзге ілмейтін қалалықтар да жақындай бастады. Басында оларды маңымызға жолатпауға тырыстық. Бірақ жүрек қанша қатал болғанымен, көңіл жұмсақ қой. Уақыт өте реніштің бәрі ұмытылып, оларда қатарымызға қосылды. Газетіміз қанша қарапайым болғанымен сол тұстағы ортаның көзімен қарағанда ерекше жалынды іс болып бағаланды.
Енді біздің жатақханамыз редакцияға айналды. Сабақтан кейін әдебиетке ынтасы бар балалар осында жиналып, газеттің келесі нөмері туралы талқылаймыз. Ал қыздар жоғымызды толықтап, жұпыны жатақхананы жайнатып тастады. Бойымыздағы бұлқынған күштің, бұла қуаныштың жетегінде жүріп бір жылдың қалай өткенін де аңғармай қалдық. Ойымыз да, бойымыз да толысты. Сол жалынмен орта мектепті бітірдік.
Ауылға қайтатын күні мектеп директоры арнайы қабылдап, бәрімізге ризашылығын білдірді. Ал кейде біліп, кейде білмей істеген қателігі үшін ағай-апайларымыз кешірім өтінсе, басында қату, кейін тату болған қалалық достарымыз қимастықпен аттандырып салды.
Иә, содан бері 27 жыл өтті. Тоқтаусыз уақыт қанша арманымызды ұрласа да, қанша үмітіміздің жолы кесілсе де, шығам деген биікке шыға алмасақ та, ол бізге онша әсер еткен жоқ. Біз мектепті бітіріп кеткен соң алғашқы қол таңбамыз қалған сол газет жұмысын тоқтатты. Бізден кейінгілердің арасынан әдебиетке құштар «сайтандар» табыла қоймады. Десе де, сол бір жасөспірім шақтағы жалынды үмітіміз әлі де бізді үкілеп келеді. Қарапайым болса да, қалың оқушының көңілінен шыққан газет жайлы бүгін де біреу білсе, біреу біле бермейді. Бірақ, сол сарғайған газет нұсқалары әрбіріміздің архивімізде әлі күнге сақтаулы. Оның ғұмырының қысқа немесе ұзақ болуы біздің жеткен жетістігімізбен өлшенеді. Менің құрдастарымның әр күнді тынымсыз еңбекпен батырып, әр таңды болашаққа деген үмітпен атыратыны да сондықтан.
Мектеп бітірген күннен бастап жеті сайтанның жолы жетіге айырылды.
Қажет АНДАС
«Q-andas» аұпараттық агенттігі.











